«Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ортақ іс»

Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Тарихи тереңнен бастау алған сыбайлас жемқорлық бүгінде бүкіл әлем қоғамдастығына қауіп төндіріп отыр. Біздің республикамызда да бұл мәселеге қарсы күрес шаралары тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекеттің бірінші кезектегі міндетіне айналды. Оның алдын алу мақсатында үздіксіз жұмыс жүргізу – басты міндетіміз. Осы орайда, Республика Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің халыққа жолдауында ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағдарламаны дәйекті түрде жүзеге асырудың қажеттігін айтып, сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық мүшелеріне, сондықтан жемқорлықпен күрес жалпы барша халықтың борышы екенін атап көрсетті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданғаннан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы шаралар мен көкейтесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көрністерінің азаюы байқалады.

Жемқорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды. Оның  алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс.

Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Елбасы алға тартқан міндет жергілікті жерлердегі құзырлы органдармен қоғамдық ұйымдар жұмысының темірқазығына айналып отыр. Елімізде жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыстықпен күресті күшейту шараларына орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» , «Мемлекеттік қызмет туралы» арнайы заңдар қабылданды. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда.

«Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз» деп еді Елбасымыз. Сондықтан қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті індетпен көп болып күресуіміз  қажет.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет» – деп көрсетілген. Осыған орай, Қаратау ауданы әкімі аппараты сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс – қимыл аясында тиісті жұмыстарды өз деңгейінде атқара  беретін  болады.


А.Омаров,
Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппараты
«Халықпен жұмыс жүргізу» бөлімі бас маманы

Share