ТЕЗИСТЕР

Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі И.Қантөреевтің

2018 жылдың қорытындысы бойынша халыққа есеп беру кездесулеріндегі баяндамасының тезистері

 

Елбасы Жолдауын насихаттау 

Еліміздің қарқынды дамуы мен өркендеуі жолында мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайын өзінің Жолдауын жолдап келеді. Әр Жолдаудың басты мақсаты – еліміздің экономикасының нығаюына бағытталған.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылдың 10 қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттау бойынша ағымдағы жылы аудандық ақпараттық-насихаттық топтың қатысуымен 32 рет кездесулер өткізіліп, 5000-нан астам тұрғын қамтылды.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының қазіргі Қазақстанның жаhандық рөлін айқындауға тірек болатын «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларындағы негізгі бағыттарды насихаттау және ілгерілету бойынша аудан тұрғындарымен 17 кездесулер өткізілді.

Құжат айналымы 

Қаратау ауданы әкімі аппаратына 2018 жылы жалпы – 3886 құжат келіп түскен. Оның ішінде: жеке тұлғалардан – 192, заңды тұлғалардан – 6, жеке қабылдауға – 259 өтініш, мемлекеттік мекемелерден – 3429  өтініш түсті.

Аталған өтініштер бойынша 1483 толық жауап берілді және   2291 мәлімет үшін болса, құзырлы мекемеге жолданғаны – 68, ал 44 өтініш орындалу барысында.

Ауыз сумен қамтамасыз ету 

Аудан бойынша 47 202 жеке тұрғын үй болса, оның 35 861 (62,5%) тұрғын үй тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылса, 8 010 (34%) тұрғын үй кесте бойынша, ал 4 431 (3,5%) тұрғын үй тасымал сумен қамтылған.

Сайрам тұрғын алабы жаңақұрылыс аумағы тұрғындарын сапалы ауыз сумен толық қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2019 жылдың соңы.

Қазіргі уақытта, Тұран ш/а ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес атқарылуда. Құрылыс жұмыстарын 2019 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Сонымен қатар, Қайнарбұлақ т/а магистралды су құбырының және Достық, Асар-2 ш/а мен Тассай т/а ауыз сумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп бюджетке ұсынылды. Құрылыс жұмыстары бюджеттен бөлінетін қаржы аясында жүргізілетін болады 

Электр жарығымен қамту  

Аудан бойынша жалпы – 47 202 тұрғын үй болса, оның 35 628 үй (379 трансформатор)қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның балансындағы, ал 11 574 үй (100 трансформатор)жекеменшіктегі электр трансформаторлары арқылы электр жарығын пайдалануда.

  Ағымдағы жылы Қайтпас, Нұртас ш/а (2 кезек) орналасқан  2230 тұрғын үйді сапалы электр жарығымен қамту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, бүгінгі таңда абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.

 Сонымен қатар, Сайрам т/а Тассай бөлімшесін сапалы электр жарығымен қамту жұмыстарына тиісті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда, 250 отбасы сапалы электр жарығымен қамтылып отыр.

Ал, Достық, Асар-2, Тұран ш/а мен Тассай т/а электр жарығымен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп бюджетке ұсынылды. Құрылыс жұмыстары қаржы қаралуына орай 2019 жылы атқарылатын болады.

Қазіргі уақытта, Бозарық ш/а «Шымкент қаласы 220/110/10 кВ Бозарық қосалқы стансасының» құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталуына орай, аудан аумағындағы шағынаудандар толық сапалы электр жарығымен қамтылатын болады.

Табиғи газбен қамту 

Аудан бойынша жалпы – 47 202 тұрғын үй болса, оның 34 586 тұрғын үй табиғи газбен қамтылған болса, ал қамтылмаған тұрғын үй — 12 616 құрайды.

Бүгінгі таңда Бозарық саяжайын табиғи газбен қамту құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындарды абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Сайрам т/а Тассай бөлімшесін табиғи газбен қамтамасыз ету құрылыс жұмыстарын «Арсенал Юг» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2019 жылдың екінші жарты жылдығы.

Қала аумағындағы елді мекендерді табиғи газбен қамту мақсатында «АГТС-3» стансасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Сараптама қорытындысы алынуына орай, құрылыс жұмыстарына қаржы бөлуге ұсыныс беріледі. Құрылыс жұмыстары аяқталуына орай, аудан аумағындағы шағынаудандар толық сапалы табиғи газбен қамтылатын болады.

Аумақтарда санитарлық тазалықты сақтау

Санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында аудан территориясы 10 аумаққа бөлініп, оған аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітілген.

2018 жылы жоғарыда аталған жұмыстарды атқаруға 180,2 млн.теңге бөлініп, қазіргі таңда «Аяулы алақан» қоғамдық бірлестігі тарапынан аудан аумағындағы 8000 м3 күл-қоқыс шығарылып, 2100 км ирригациялық жүйелерді тазалау, 24 000 дана ағаш түбін әктеу, 1200 дана ағаштарды санитарлық қырқу және 686 га аумақтың қураған шөбін ору жұмыстары атқарылды.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары 

Аудандағы бей-берекет қоқыс жиналатын орындарды жою мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын мекемелермен келісім-шарт түзу қажеттігі жөнінде тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, аудан бойынша 2017 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемелермен тұрғындардың келісім-шарт түзу көрсеткіші — 97% болса, қазіргі таңда бұл көрсеткішті — жоғарылату бойынша жұмыстар атқарылуда.

    Сонымен қатар, аудан аумағында жыл басынан 21 рет сенбіліктер ұйымдастырылды. Оған 18 мың тұрғындар мен мекеме қызметкерлері, 58 арнайы техника қатыстырылып, 32 шақырым аяқ жолдар мен оларға іргелес аумақтар қоқыстан тазартылып, 10 500 дана ағаш көшеттері отырғызылып, 480 м3 күл -қоқыс шығарылды.

2018 жылы «Таза қала» акциясына аудан бойынша «Үлгілі аула» номинациясына 80 көп қабатты тұрғын үй және «Үлгілі көше» номинациясына елді мекендерде орналасқан 64 көше комитеттері өтінім білдіріп, конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Аудан аумағындағы негізгі көшелерде орналасқан нысандардың қоршауларының қасбеттерін ретке келтіру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 680 нысанның қасбеттері ретке келтірілді. 

Жолдар құрылысы 

Аудан аумағында жалпы ұзындығы – 1009 км құрайтын – 1086 көше бар. Оның 440,3 км (344 көше) – асфальт, 490,6 км (640 көше) – шағал тас, 78,1 км (102 көше) – топырақ көшелер.

  Ағымдағы жылы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан Қайнарбұлақ т/а №125 мектепке баратын көше, Достық ш/а — 12 көше, Тассай ш/а-1 көше күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, Достық, Тассай, Мирас, Мәртөбе, Нұртас, Бозарық с/ж, Қайнарбұлақ, Сайрам, Исфиджаб, Қызылсу тұрғын алаптарында жалпы 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ал, Сайрам т/а облыстық маңызы бар 3 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2019 жылдың соңына аяқтау жоспарлануда.

Сондай-ақ, аудан аумағындағы 28 көшені орташа жөндеуге жобалық-сметалық есептері әзірленіп, бюджетке ұсынылды. Құрылыс жұмыстары бөлінетін қаржы аясында атқарылатын болады.

Аудан аумағындағы Нұртас, Достық, Тұран, Қайтпас, Асар-2, Азат шағынаудандары мен Бозарық саяжайы, Тассай, Таскен, Қайнарбұлақ, Сайрам, Исфиджаб, Шапырашты, Өтеміс тұрғын алаптарындағы топырақ көшелерге шағалтас төсеу мақсатында, бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, жалпы 68,2 км көшеге шағалтас төсеу жұмыстары атқарылса, жеке кәсіпкерлермен түзілген меморандум аясында 5 км болатын 9 көшеге шағал тас төселді. 

Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық мәселелері 

Аудан аумағында көп қабатты тұрғын үйлерге 4 сервистік мекеме қызмет көрсетуде. Осы мекемелер тарапынан кіреберістер мен баспалдақтарды тазалау,  жертөледегі жиналған суды шығару, үй ауласын тазалау, жертөледегі инженерлік жүйелерді күтіп-ұстау жұмыстары атқарылуда. 2018 жылы 13 көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне тұрғындардың өзі есебінен қайтарымды негізде (пайызсыз) жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда, аудан аумағында «ОҚО үйлерді басқару» және «Шымкент Сити» басқарушы компаниялары көп қабатты үйлерде                            13 қызмет түрін көрсетуде. Сонымен қатар, аталған мекемелер тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар, баспалдақтар мен аяқжолдар салынды. 

Жылумен қамтамасыз ету 

Аудан аумағында жалпы 339 көп қабатты тұрғын үй болса, оның 291 көп қабатты үйлер орталық жылу жүйесінен, ал 48 көп қабатты үй автономды жылу жүйесінен тұтынады. Қысқы жылу маусымына көп қабатты үйлерді дайындау жұмыстарын «ОҚО үйлерді басқару» және «Шымкент Сити» басқарушы мекемелері жүргізіп, жылуға толық қосылды.

Көп қабатты тұрғын үйлерде жылуды сақтау мақсатында кіреберістерге есіктер мен терезе орнату қажеттігі туралы тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 13 кіреберіс есіктер және 45 терезе жаңартылды.

Аумақты абаттандыру жұмыстары  

2018 жылы бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, «Нұрсәт» ш/а тозығы жеткен 31 көп қабатты  тұрғын үйлер аулалары толық абаттандырылып,1 аулаға ашық спорт алаңшасы орнатылды.

Сонымен қатар, тұрғындардың өтінішіне сәйкес аудан әкімі аппараты қызметкерлері тарапынан «Нұрсәт» ш/а 43 ауланы толық абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстарына жалпы 893,8 млн теңгеге, сонымен қатар, 22 қоқыс жинауға арналған замануи павильондарын дайындау және орналастыруға 32,2 млн. теңгеге жобалық-сметалық есептері әзірленіп бюджетке ұсынылды.

Жастарды спортқа баулу мақсатында 7 жер теліміне қала әкімінің қаулысы қабылданып, 3 жер теліміне мемлекеттік актілері мен жобалық-сметалық есептері әзірленіп бюджетке ұсынылды. Қалған 4 жер телімінің құжаттары заңдастырылуда. Құрылыс жұмыстары қаржы бөлінуіне орай атқарылатын болады.

Аяқ жолдар мен аялдамалар орнату жұмыстары 

Қайнарбұлақ тас жолының бойына Қайнарбұлақ т/а Бөлешов көшесі, №125 жалпы орта мектебіне баратын көше, Бозарық ш/а №57 жалпы орта мектебіне баратын көше,Таскен т/а №115, №103 жалпы орта мектептеріне баратын көше, Сайрам т/а №71 жалпы орта мектебі мен №12 спорт мектебіне баратын көше және Өтеміс т/а Төлеби көшесіне аяқжол салу жұмыстары жүргізіліп пайдалануға берілді.

Сонымен қатар жеке меншік мекемелерге қала аумағында өтіп жатқан «Біз біргеміз» акциясы аясында 63 мекемеге мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта (пандус) қалыптастырылды.

Аппарат қызметкерлері тарапынан аудан аумағындағы әлеуметтік нысандарға (мектептер, балабақшалар, емхана,) баратын 36 көшелерге аяқ жол салу мақсатында 315,5 млн. теңгеге ЖСҚ әзірленіп бюджетке ұсынылды.

Сонымен бірге, тұрғындардың өтінішіне сәйкес аялдамалар орнатуды қажет ететін 173 орын анықталып, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсынылған. Қазіргі таңда 20 аялдама нысандарын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Аудан қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары

2018 жылы аудан аумағындағы көп қабатты тұрғын үйлер мен көше бойларына бейнебақылау камераларын орнату мақсатында 67 орын анықталып, қалалық ішкі істер басқармасына жолданды. Бейнебақылау камералары қаржы бөлінуіне орай орнатылатын болады.

Сонымен қатар, аудан аумағындағы орталық маңызы бар 79 көшені жарықтандыруға ұсыныс берілген. Нәтижесінде, Ақжайық ш/а — 3 көше, Қайнарбұлақ саяжайы – 1 көше, Қайтпас ш/а – 2 көше, Орманшы т/а –                       2 көше, Шапырашты т/а – 2 көшені  жарықтандыруға ЖСҚ әзірленіп бюджетке ұсынылды.

Ретсіз сауда орындары мен  жарнамаларды реттеу

Заңсыз сауда орындарын жою және қала көшелерінің келбетін ретке келтіру мақсатында құрылған жұмысшы топ тарапынан 2018 жылы аудан аумағында 38 рейдтік іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 294 ретсіз сауда орындары жойылып, 1125 заңсыз жарнама анықталып ретке келтірілді. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204, 505 баптары бойынша 741 хаттама толтырылып, тиісті шаралар көрілді. 2017 жылмен салыстырғанда осы баптар бойынша заң бұзушылық 58,76% дейін төмендеді.

Ауданда орналасқан дүңгіршектердің заңдылығын анықтау бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 44 дүңгіршектер мен контейнерлер және 7 киіз үй алынды.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың  тұтыну бағасын  тұрақтандыру

Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында, аудан аумағындағы 16 ірі сауда үйлерінде мониторинг жүргізіліп, ақпарат Кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық даму бақармасы жолданып отырады.

Сонымен қатар, әр аптаның жексенбі күндері Нұрсәт ш/а  «Рахима-плаза» сауда үйінің жанында 147 кәсіпкердің қатысуымен азық-түлік жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізілуде.

Салық түсімі 

Қаратау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандарымен бірлесіп, тіркелмеген мүліктерді тіркеу қажеттігі жөнінде барлық елді мекендерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жергілікті бюджет бойынша жоспар 6841,0 млн.теңге болса, нақты түсім 6841,0 млн.теңге, орындалуы 100% қамтамасыз етілді. Өткен 2017 жылдың  5601,4 млн.теңге түскен болса, ағымдағы жылдың түсімдерінің өсу қарқыны 113,1% құрап, артығымен  734,0 млн.теңгеге қамтамасыз етілді. 

Қайырымдылық іс-шаралары 

Аудан аумағында әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларына, жетім балалар үйіне және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қайырымдылық іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Жалпы 2018 жылы Қаратау ауданы бойынша азық түлік, көмір және құрылыс заттарымен жалпы 928 отбасыға көмек көрсетілді.

Нысандардың қасбетін ретке келтіру 

       Аудан аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың қасбетін ретке келтіру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде осы күнге дейін 167 кәсіпкерлік нысандар ретке келтірілді, жұмыстар жалғасын табуда. Кәсіпкерлік нысандарының алдарына қоқыс жәшігі қою қажеттілігі түсіндіріліп, 231  данасы қойылды. 

Білім саласы 

  Аудан бойынша 2018 жылы «Білім күні» қарсаңында Бозарық саяжайында жаңадан 900 орындық мектеп пайдалануға беріліп, Таскен т/а №103 мектеп пен Сайрам т/а №102 мектептерге қосымша ғимараты пайдалануға берілді. Нәтижесінде, ауданымызда 3 ауысымда білім беру мәселесі өз шешімін тауып отыр.

  Қазіргі уақытта, Нұрсат т/а 1200 орындық мектеп ғимараттың құрылысы жүргізілуде.

        Сонымен қатар, Тұран және Асар 2 ш/а 1200 орындық мектеп құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік өтінім берілді. Ал, Таскен т/а №115 негізгі орта мектеп орнына 300 орындық мектеп құрылысын жүргізуге мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, 2019 жылдың бюджетінен қаржы бөлуге ұсыныс берілді.

Денсаулық сақтау саласы 

Аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтылған өтініштері негізінде 2017-2018ж.ж Қайнарбұлақ, Бозарық саяжайларында және Ақжайық, Тұран шағынаудандарында отбасылық дәрігерлік амбулаториясы пайдалануға берілді.

Ал 2018 жылы Ақжайық ш/а медициналық жедел жәрдем қызмет көрсету бекеті ашылып,  жақын маңдағы елдімекендерге де қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ, 2017 жылдың маусым айында Нұртас ш/а 500 адам қабылдайтын қалалық емхана құрылысы басталып, 2019 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Мемлекеттен берілетін жәрдемақылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көрсетілген көмектер

2018 жылдан бастап Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде Жаңа форматтағы «Атаулы әлеуметтік көмек» жүзеге асырылуда.

2018 жылдың 12 айында Атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсырған 4813 отбасының 3746-на оң қорытынды берілсе, бір реттік әлеуметтік көмек алуға құжат тапсырған 940 отбасының 851-не оң қорытынды берілді.

Сонымен қатар, осы жылдан бастап Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматта көрсетілетіндігі туралы аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат

«Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасына сәйкес, аудандық әйелдер істері және отбасылық — демографиялық саясат жөніндегі комиссиясымен аудан көлемінде 13 іс-шара ұйымдастырылды.

  Сонымен қатар, 2018 жылы аудандағы алтын құрсақты аналарымызға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 36 «Алтын алқа», 99 «Күміс алқа» табыс етілді.

Мерекелік іс-шаралар 

Аудана аумағында мерекелік іс-шаралар бойынша аудан белсенділерінің және аудан тұрғындарының қатысуымен ағымдағы жылы 17 мерекелік іс-шаралар өткізілді.

Сонымен қатар, аудандағы 150 ардагерлерге мерекелік дастархан жайылып, марапаттармен мерекелік сыйлықтар табысталды.

Барлық ұйымдастырылған мәдени іс-шаралар мен атқарылған жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Ономастика және тілдерді дамыту 

Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен көшелерге кісі есімін беру тоқтатылған (мораторий). Алайда, жер-су, таулардың, табиғи көріністердің атауларын беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аудан аумағындағы  атауы жоқ көшелерге атау беру мәселесі бойынша тұрғындармен өткізілген жиналыстардың хаттамалары толтырылып, 211 көшенің құжаттары қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына жолданды.

2018 жылы аудан аумағында 58 көшелерге атау беру бойынша тұрғындармен тиісті жиналыстар өткізіліп, хаттамалары қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына тұрақты түрде жолдануда.  

Сонымен қатар, аудандағы атауы қайталанатын көшелер мен орыс тілді атаулы көшелерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қазақша қайта атау беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары 

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бүгінгі күн талабы және онымен күресу әрбір азаматтың міндеті. Осы мақсатта «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі» іс-шара жопарына сәйкес, аудан аумағында құзырлы мекемелермен бірлесіп 8 дөңгелек үстел, 7 семинарлар 192 құқықтық сабақтар өткізілді. Іс-шаралар барысында арнайы бейнероликтер көрсетіліп, ақпараттық парақшалар таратылды. 

Дін саласы 

Аудан аумағында жалпы 40 діни бірлестіктер тіркелген. Діни экстремизмнің, кереғар діни ағымдар мен секталар іс-әрекетін алдын-алу мақсатында 2018 жылы жоғарғы және орта оқу орындары студенттері мен оқушылар, тұрғындар және тұрғындар арасында 44 дөнгелек үстелдер мен семинар кездесулер ұйымдастырылды.

Қаратау ауданы әкімі аппаратының алдағы уақытта жоспарланып отырған 5 маңызды міндеттері 

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арналған Жолдаулары мен бағдарламаларын кеңінен насихаттау, басым бағыттары бойынша жұмыс жүргізу;
  2. «2019 жыл — Жастар жылы» болып жариялануына орай, аудандағы дарынды, талантты жастарды қолдау мақсатында түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастыру;
  3. 2018-2020 жылдарға арналған «Қаратау ауданы аумағындағы тұрғын алаптар мен шағынаудандардағы туындаған өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары» бағытындағы жұмыстарды уақытылы атқару;
  4. Өскелең ұрпақты сапалы білім мен тәрбие, отандық патриотизм, салауатты өмір салтына баулу бағытында жұмысты жалғастыру;
  5. Ауданның санитарлық тазалығын тұрақты түрде сапалы қамтамасыз ету және аулаларды абаттандыру

Алдымызға қойылып отырған міндеттер жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында халықтың және сіздер мен біздердің істеп жатқан шаруамыздың барлығы мемлекетіміздің нығаюы, тәуелсіздіктің мықтылығы, халықтың әл-ауқатының артуы үшін жасалуда. Осы жолда бәріміз елдің бізге деген сенімін ақтап, мақсаттарға жетеміз деп нық сенемін! 

 

 

 

 

 

 

 

Share