“ИБРАГИМ АТА” КЕСЕНЕСІ

 

Ибраһим ата кесенесі – әйгілі уағызшы мазарына қойылған сәулет ескерткіші. Ақсу ауылы жолында Сайрам ауылының шетінде биік төбеде орналасқан. Алғашында кесене XVI – XVII ғасырларда салынған, бірақ ол құлап қалғаннан кейін XIX ғасырда қайта салынды. 50-жылдары қатты жер сілкінісі кезінде кесене күмбезі құлағаннан кейін басқа қалыпта қайта жасалды.

Ибраһим ата – атақты сопы Қожа Ахмет Яссауидің әкесі, діни көсем, әрі осы өңірлерге танымал уағызшы болған.  XI ғасырда Сайрам ислам дінін тарату ошағы болды. Мұнда көптеген діни ұстаздар мен ғалымдар тұрды. Ибраһим ата текті отбасынан шыққан, табысты жер өңдеуші болды. Халық арасында оның әулиелігі мен уағызшы қабілеті жайлы аңыздар тараған. Ибраһим ата мұқтаж адамдарға көмектесіп, тақуалық өмір сүрді және мыңдаған ізбасарларға ислам дінін уағыздады.

 

Ибраһим ата кесенесі

Кесене бір камералы, шаршы түріндегі құрылыс. Ибраһим ата кесенесінің алаңы 7,2х7,2 м, ал ұзындығы — 8,25 м. Имарат бір орын-жайы бар екі деңгейлі болып келеді. Оңтүстік жағында кіреберіс, батыс жағында ағаш жақтаулы терезе орналасқан. Ішкі қабырғалары әрленген, еден кірпішпен қапталып үстінен цемент араластырылған балшықпен сыланған. 50-жылдары күмбез құлағаннан кейін кесене төбесі ақ жапырақты қаңалтырмен қапталып, ортасына сүйір ұшты мұнара орнатылды. Кесененің солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс бөліктерінде терең емес сүйір ұшты текшелері бар порталдар бар. Ұзақ уақыт бойы жолдың шетіндегі төбеде тұрған кесене қатерлі жағдайда болды. 90-жылдары жолды 20 метрге ауыстыруға және кесене негізін топырақ қатпарымен бекітуге қаржы бөлінді.

Share